Сала жаңалықтары архивы

19 сәуір, 2022
434

Түркістан: Қазығұрт ауданында су электр станциясы салынады

1 Фото
Қолданылған материалдар:

Түркістан облысында су энергетикасын дамытуға зор мүмкіндіктер бар. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық жедел кеңесте айтылды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Полатбековтың айтуынша, еліміздің су энергетикасын дамыту аясында облыста ірі және шағын су электр станцияларын салу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген. 2020-2030 жж.

Құжатқа сәйкес, 2022-2025 жылдар аралығында Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінде қуаты 165 МВт каскадты типтегі су электр стансасын салу жоспарлануда. Айта кету керек, облыста электр энергетикасын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі ең ірі энергия өндіруші кәсіпорын «Шардара ГЭС» АҚ 2017-2020 жылдары орнатылған төрт гидрогенераторды толығымен жаңартты, нәтижесінде стансаның қуаты 100-ден 126 МВт-қа дейін өсті.

Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. 2014-2021 жылдар аралығында жалпы қуаттылығы 220,1 МВт болатын 20 жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде өткен жылы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі 357,6 млн кВт/сағ құрады. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 51 пайызға жоғары. 2022 жылға жоспар 401,5 млн кВт/сағ құрады.