Сала жаңалықтары архивы

12 сәуір, 2022
334

Еуропалық Одақ жаңартылатын энергия көлемін арттырады

1 Фото
Қолданылған материалдар:

Еуропалық Одақтың климат жөніндегі басшысы Франс Тиммерманс Еуроодақ ресейлік энергетикалық ресурстардан кезең-кезеңімен бас тартуға тырысып, жаңартылатын энергия көздеріндегі мақсаттарын қайта қарауы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, ЕО-ға мүше 27 мемлекет 2030 жылға қарай парниктік газдардың таза шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 55 пайызға қысқартуға ұжымдық келісті, бұл 2050 жылға қарай «таза нөлдік» шығарындыларға қадам.

Ағымдағы жоспарларға сәйкес, ЕО 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Дегенмен, Тиммерманстың айтуынша, блок енді сол күнге дейін «жаңартылатын энергияның жоғары пайызына» қол жеткізе алады.

«Алдағы екі аптада біз Repower EU деп аталатын бастамамен жұмыс істейміз және осы бастаманың бір бөлігі ретінде біз энергия алмасуды жеделдеткіміз келеді. Сондықтан осы тұрғыда біз өз мақсаттарымызды қайта қарастыруымыз мүмкін. Мұндай қайта қарау 2030 жылға қарай жаңартылатын энергияның жоғары пайызын білдіреді », - деді Тиммерманс, мүмкін болатын жаңа мақсаттар үшін сандарды беруден бас тартты.

Қараша айында COP27 климаттық конференциясын өткізетін және оның Жерорта теңізі жағалауындағы сұйытылған табиғи газ (СТГ) терминалдарынан Израиль газын қайта экспорттайтын Египет ЕО-ға газ импортын әртараптандыруға көмектесе алады, деді Тиммерманс.

«Егер біз аймақта басқа СТГ ала алсақ және Израильден қандай көлемдер бар екенін көрсек, бұл жақсы тәсіл болуы мүмкін. Менің ұсынып отырған нәрсемнің мәні – СТГ-дан басталып, кейін жаңартылатын энергия көздеріне, әсіресе сутегіге тез көшетін ұзақ мерзімді стратегиялық қарым-қатынас», - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, наурыз айының соңында Ресей президенті Владимир Путин Еуропа елдері мен АҚШ-қа табиғи газды ресей рубліне сату туралы шешімін жариялаған болатын. Ресей басшысы Ресей көгілдір отын жеткізуді бұрын жасалған келісім-шарттарда белгіленген көлемдер мен баға қағидаттарына сәйкес жалғастыратынын атап өтті.

Кейін G7 елдері ресейлік газ мен мұнайды рубльмен төлеуден бас тартты. G7 министрлері Ресейдің талабын «біржақты және қолданыстағы келісімдерді анық бұзады» деп қабылдамау туралы шешім қабылдады және ресейлік энергетикаға тәуелділікті азайта бастады. Сонымен қатар, Еуроодақ елдері ресейлік көмірге эмбаргоны мақұлдады.