Сала жаңалықтары

10 қараша, 2021
509

Инвестициялық штабта жаңартылатын энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды іске асыру барысы қаралды

1 Фото
Қолданылған материалдар:

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында жаңартылатын энергия көздері және денсаулық сақтау салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев ҚР жаңартылатын энергетика саласындағы инвестициялық жобалардың мәртебесі туралы баяндады.

 

Мәселен, 2014 жылдан бастап 780 млрд теңге, оның ішінде 150 млрд теңге осы жылдың 9 айында тартылды. 1975 МВт көлемінде энергия генерациясының жиынтық қуаты бар 126 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді, 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

 

ЖЭК-тен алынатын электр энергиясының 41%-ы күн электр станцияларында, 35%-ы жел электр станцияларында, 23,8%-ы шағын су электр станцияларында өндіріледі.

 

2030 жылға қарай электр энергиясын генерациялау құрылымындағы ЖЭК үлесін қолда бар 3%-дан 15%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін ЖЭК-тің 7 ГВт жаңа қуаттарын іске қосу қажет, бұл салаға 3 трлн теңге көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

 

Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі «ADQ» араб компаниясымен және «Тotal Energies» француз компаниясымен уағдаластыққа қол жеткізді. Ірі ауқымды жобалар алдағы 10 жылда 5 ГВт жаңа ЖЭК қуатын кезең-кезеңімен енгізуді көздейді. Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру атмосфераға парниктік газдар шығарындыларының көлемін 8 млн тоннаға азайтуға, қосымша 20 млрд кВтс жасыл энергия өндіруге және 3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

 

Инвесторлар үшін қолайлы жағдай тудыру мақсатында Қаржы-есеп айырысу орталығының базасында «Бір терезе» қағидатын енгізу, ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйым мен тұтынушылар арасында екіжақты келісімшарттар жасасу мәселесін реттеу, сондай-ақ инвесторлардың мүддесін қорғау мақсатында төрелік келісімді ресімдеу рәсімін оңайлату ұсынылады.