Жаңалықтар
Астана қаласында «KOREM» АҚ Басқарма төрағасы күн энергетикасы саласындағы технологияларды әзірлеу және енгізу бағытында қызмет атқаратын CosinSolar компаниясының (Қытай Халық Республикасы) өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздерін дамыту перспективаларын, энергетика саласына инвестициялар тарту мәселелерін, сондай-ақ халықаралық компаниялардың ЖЭК жобаларын аукциондық сауда-саттық арқылы іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
«KOREM» АҚ Басқарма төрағасы Қоғамның жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықтарды ұйымдастырушы ретіндегі қызметі, өткізілген аукциондардың нәтижелері және Қазақстандағы «жасыл» энергетиканың бәсекелі нарығын одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлары туралы ақпарат ұсынды.
Кездесу барысында шоғырландырылған күн энергетикасы (CSP) технологияларын қоса алғанда, күн электр энергиясын өндірудің заманауи технологияларына, сондай-ақ электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу және ЖЭК үлесінің артуы жағдайында энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
CosinSolar компаниясының өкілдері күн энергетикасы жобаларын іске асыру тәжірибесімен бөлісіп, қолданылып жатқан технологиялық шешімдер туралы баяндады және Қазақстан нарығындағы инвестициялық мүмкіндіктерді зерделеуге қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты даму және энергетикалық көшу мақсаттарына қол жеткізу үшін халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу және озық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«KOREM» АҚ жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеудің ашық әрі бәсекелі тетіктерін дамыту, сондай-ақ энергетика саласындағы жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмысын жалғастыруда.










